Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет» деп атап көрсеткен болатын.
29 қазанда Ақтөбе қаласында полиция мен білім басқармасының ұйымдастыруымен және облыс әкімдігінің қолдауымен оқушылар мен студенттер үшін нашақорлыққа қарсы кең ауқымды форум өтті. «Жастар. Жігер. Болашақ» ұранымен өткен патриоттық-профилактикалық сипаттағы шара мыңнан аса жастың басын қосып, аудандардан 4000-нан астам оқушылар мен студенттер онлайн түрде қосылды. Қоғам кеселіне қарсы өткізілген өзекті форумға танымал өнер адамдары, мүдделі органдар және қоғам белсенділері атсалысты.
Ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров, Полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов сөз сөйлеп, жас өрендердің ел болашағын қалыптастырудағы рөлі, жастарды есірткіден, оның ішінде синтетикалық есірткіден қорғау, олардың әл-ауқатын сақтауға ерекше назар аударды.
Танымал спикерлер — тележүргізуші Есентүгел Елеукен, мәжіліс депутаты Қазыбек Алишев, эстрада әншісі Нұрболат Абдуллин, айтыскер ақын Қайнар Алагөзов, кино актері Артур Төлепов жастарға жігер берер үндеулер мен құнды кеңестер айтып, өздерінің бала армандары мен жетістікке жету жолдары, теріс әдеттерден аулақ болу тұрғысында әсерлі әңгімелеп берді.
Жастар спикерлердің сөздерін ерекше қошеметпен қабылдап, шара барысында ұйымдастырылған полиция қызметкерлерінің арнайы автокөліктері мен қару-жарағының көрмесін аса қызығушылықпен тамашалады.