Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын дәріптеу және Тәуелсіздік күніне орай білім алушылармен тағылымды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа ел тәуелсіздігінің қадір-қасиетін ұғындыру, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ақиқатын куәгерлер аузынан жеткізу, отансүйгіштік рухты нығайту.
Кездесуге «Универсал Строй ресурс» аумақ басшысы, Желтоқсан оқиғасының тікелей куәгері Медетов Берік Набиұлы, зейнеткер-ұстаз, Желтоқсан оқиғасының куәгері Жанғалиева Гүлайым Шынтасқызы және тарихшы-ғалым, PhD доктор Байшов Бақыт Батырбекұлы арнайы қатысты.
Шара барысында Берік Набиұлы Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарына тоқталып, сол бір қиын-қыстау кезеңдегі жастардың ерлігі мен батылдығын еске алды. Ол өзінің куәгер ретінде көрген-білгенін баяндап, тәуелсіздік жолында құрбан болған азаматтардың ерлігін ұмытпау – әрбір қазақстандықтың парызы екенін атап өтті.
Өз кезегінде Гүлайым Шынтасқызы ұстаздық жолындағы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, Желтоқсан оқиғасы жастардың ұлттық намысы мен азаттыққа деген ұмтылысының көрінісі болғанын жеткізді. Ол бүгінгі бейбіт өмірдің оңайлықпен келмегенін айтып, білім алушыларды елжандылыққа, тарихты құрметтеуге шақырды.
Ал тарихшы-ғалым Байшов Бақыт Батырбекұлы Желтоқсан оқиғасының Қазақстан тарихындағы орнына ғылыми тұрғыда талдау жасап, оның Тәуелсіздікке бастар жолдағы шешуші кезең болғанын атап өтті. PhD доктор жастарға тарихи деректер мен тың мәліметтерді ұсына отырып, өткенді білу – болашақты дұрыс қалыптастырудың негізі екенін айтты.
