«Ақындар жырлаған туған өлке» атты әдеби қонақ үй өтті.

Үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде Бопай ханым жоғары медицина колледж «Оқуға құштар колледж» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 101 «Мейіргер ісі» тобының білім алушыларының және №3 қалалық кітапхана ұжымы қызметкерлерінің қатысуымен «Ақындар жырлаған туған өлке» атты әдеби қонақ үй өтті.
Кеш қонағы өлкемізге танымал, ҚР Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі ақын- журналист, сазгер, 2024 жылғы Жаңа Қазақстанның Жыл Адамы Аймаханова Гүлсамал Төрединқызы.
Гүлсамал Төрединқызы 1962 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген. Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектепті бітірген соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсіп, журналистика факультетін тәмамдайды. Еңбек жолын Алға аудандық «Жұлдыз» газетінде тілшіліктен бастаған. Мұғалжар газетінің әдеби қызметкері, Ұлы Отан соғысының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы музейінің ғылыми қызметкері, Ақтөбе облыстық телерадиокомпаниясында редактор болып қызметтер атқарған ақын апамыз қазіргі күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы болып жұмыс жасайды.
Әрі ақын, әрі журналист Гүлсамал Аймаханованың ауыз толтырып айтарлықтай атқарған істері көп. Өңірде ұлттық құндылықтардың жаңғырып-түлеуінің жаршысы болып қана қоймай, қоғамның белсенді мүшесі, тіршіліктің ұйытқысы болып, 90-жылдардың басында Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысын ақтөбелік ер-азаматтармен бірге алғашқылардың бірі болып батыл қолдап, Байғанин ауданындағы полигонды жабуға қайрат қылған журналист.
Мақсаты: Оқырмандарға өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің жырларын оқуға насихаттау, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.