Колледж директорының мерекелік құттықтауы.

Құрметті әріптестер, қымбатты ата-аналар мен студенттер!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Осы күндері Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады. Тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы.

Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады. Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады.

Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Біз әрдайым қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын созып, қолдау көрсетуге дайынбыз.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін!

Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Ізгі тілекпен, колледж директоры, доцент Манет НУРМАГАНБЕТОВА