Колледж студенттеріне ерте жүктіліктің алдын-алуға арналған жыныстық сауаттылық дәрісі өтті.

Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы өзекті мәселелердің қатарында. ДДҰ мәліметтері бойынша, бала өлімінің негізгі себептерінің бірі — жүктілікті үзу және ерте босану. Ерте жүкті болған қыздар білім алу мүмкіндігін жоғалтып, қоғамнан алшақтайды және олардың денсаулықтарына қауіп төнеді.

Ағымдағы жылдың 17 қазан күні Бопай ханым жоғары медициналық колледжінде колледж медбикесі К.Бозжанова мен «Сырғалым» қыздар клубының ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын қалыптастыру және ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында «Ерте жүктіліктің алдын алу және қыз тәрбиесі» тақырыбында кездесу өткізілді.

Кездесуге №6 қалалық емханасының @poliklinika6.aktobe акушер-гинеколог дәрігері Әбдешева Гүлдана Кайратқызы мен психологі Оралбаева Айдана Есенкелдиевна қатысып, дәріс оқыды.

Кездесу барысында 1 курс студенттеріне тақырып төңірегінде ерте жүктіліктің негізгі проблемасы – жыныстық тәрбие туралы білімнің жеткіліксіз болуы, ерте жүктіліктің салдары, келешектегі қауіп-қатері арнайы маман тарапынан айтылып, «Ерте жүктілік деген не?», «Ерте жүктіліктің нәтижесі мен зияны қандай?», «Ерте жүктілік немен қауіпті?», «Қыз бала мен ер бала тәрбиесі», сондай-ақ кәмелет жасына толмаған жасөспірімді қарым-қатынасқа тарту, зорлық-зомбылық көрсету заңды түрде қылмыстық жазаға тартылатындығы және т.с.с. сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғалып, жауаптар берілді.